Тәуелсіздік күні қарсаңында Отырар ауданына қарасты Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйесін жүргізу мен имаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар таза ауыз сумен қамтылды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
-Құрметті жерлестер, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бойынша берілген тапсырмасына сәйкес Отырар ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда бүгін ауыл халқы сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Нәтижесінде бүгінде аудандағы 38 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізіп отыр,-деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Салтанатты шарада аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайларын жақсартуға оң әсерін тигетінін атап өтті.
Нысанның құрылыс жұмыстары «Exclusive Project company» ЖШС-і мекемесі тарапынан жүргізілген. Жобаға сәйкес, 11 560 метр су құбыры жүргізіліп, 65-ке жуық отбасы ауыз сумен қамтылды. Құрылыс нысанында 1250м (2 дана) су ұңғымасы қазылып, су сорғы станциясының имараты салынған.
Аудан әкімі жауапты мамандарға жаңа нысанды күтіп ұстап, ауылды сумен үзіліссіз қамтамасыз етуді тапсырды.