Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кеңесшісі Мәлік Отарбаев мемлекеттік маңызы зор құжат – ҚР Президентінің халыққа Жолдауын түсіндіру және оның негізгі міндеттерін насихаттау мақсатында аудан тұрғындарымен арнайы кездесу өткізді.
Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл ақсақалдары, қоғамдық ұйым өкілдері, белсенді азаматтар мен жастар қатысты. Жиынды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Жолдауда айқындалған басымдықтардың ел дамуы үшін стратегиялық маңызын атап өтіп, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Кездесуде алғаш болып аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов сөз алып, Жолдауда белгіленген бағыттарды жүзеге асыру бойынша ауданда қолға алынған іс-шаралар мен жоспарлар жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Өз кезегінде ауданның құрметті азаматы, білім саласының ардагері Мария Белгібаева Жолдаудың әлеуметтік салаға, әсіресе білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған артықшылықтары мен жаңашыл бастамаларын кеңінен түсіндірді.
Жастар атынан мінберге шыққан Әбдікерім Дінмұхаммед Жолдау жүктейтін жауапкершілік пен міндеттерге қатысты өз көзқарасын білдіріп, жастардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Сонымен қатар Темір ауылының тұрғыны Бегімше Ибрагимов пен шәуілдірлік жас ақын Дәурен Ақсақалов елдің болашағына қатысты өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу барысында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Жолдауда айқындалған негізгі бағыттар мен міндеттердің мән-маңызына кеңінен тоқталып, олардың ел дамуына тигізетін ықпалы мен жүзеге асырылуына қатысты түсініктеме берді. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген ұсыныстарды назарға алатынын айтты.
Жиын соңында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Мәлік Нұржанұлына аудан халқымен кездесуге арнайы уақыт бөліп, маңызды ақпараттармен бөліскені үшін тұрғындар атынан алғыс білдіріп, жұмысына табыс тіледі.