Отырар аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері Аққұм ауылдық округінде көшпелі отырыс өткізді. Отырыс барысында ауылдың бүгінгі жағдайы мен тұрғындарды толғандырған мәселелер талқыланып, олардың шешімін табу жолдары қаралды.
Жиынды қоғамдық кеңестің төрағасы Нұржан Дайрабаев ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіне сәйкес Аққұм ауыл округі бойынша атқарылған жұмыстар туралы ауыл округінің әкімі Н.Жанжигитованың есебі тыңдалды, Сонымен қатар аудан әкімдігінің «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбырының екінші желісін салу үшін қауымдық сервитут белгілеу туралы» қаулы жобасын таныстыру туралы жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Әшірдің баяндамасы тыңдалды.
Ауыл әкімінің айтуынша ауылда 288 отбасы болса, соның 18-і ауылдан көшіп кеткен. Оған себеп жұмыс орындарының тапшылығы, егістік жердің жетіспеушілігі,ағын және ауыз судың тапшылығы, сонымен қатар жастардың қалаға ұмтылысы.
Ал, қоғамдық кеңестің мүшесі Мейрамкүл Тұрлыбек зерделеу тобымен бірге комиссия құрып елдімекеннің қазіргі жағдайымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездескен. Сапар барысында топ мүшелері ауылдағы қараусыз қалған ғимараттарды, мектеп пен балабақшаның жай-күйін көріп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаған. Ауыл халқының ең басты көтерген мәселесі игерілмей жатқан жерді қайтару және әр отбасыға мемлекет тарапынан көмек көрсетсе деген өтініштер түскен. Сонымен қатар ауылдағы әлеуметтік нысандарды жөндеу мен ауыз су мәселесін шешу қажеттігі де айтылды. Тұрғындар осы бағытта нақты қолдау көрсетілсе деген өтініш тілектерін жеткізген. Осы мәселелерді ортаға салған кеңес мүшелері алдағы уақытта жұмысты жандандыру қажеттігін айтты.
Жиын барысында кеңес төрағасы Н.Дайрабаев азаматтарды жұмыспен қамту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту ісінде шалғай ауылдарға басымдық берілуін айтса, кеңес мүшелері Ә.Мәуленқұлов ауылға кәсіпкерлер мен инвесторлар тарта отырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудың маңыздылығына тоқталды. Ал, Б.Сапарбай еңбек заңының қалай орындалып жатқандығы туралы сөз қозғады.
Қоғамдық кеңестің өткен жиынында ауданымыздың бас дәрігері Б.Әбдімәліктің есебі тыңдалып, араға уақыт салып берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Аудандық емханалар мен ауылдық амбулаторияларда медициналық құрал-жабдықтар жаңартылып, халыққа қызмет көрсету деңгейі жақсарғанын жеткізді. Сонымен қатар дәрігер мамандар тапшылығын азайту, жас мамандарды ауылға тарту бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтты.
Жиын соңында кеңес төрағасы айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер қоғамдық кеңес мүшелерінің назарында болып, олардың шешілуі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін жеткізді.