ОТЫРАРДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДА КІШІ ФУТБОЛДАН АУДАНДЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

ОТЫРАРДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДА КІШІ ФУТБОЛДАН АУДАНДЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Отырар ауданында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында кіші футболдан аудандық турнир өтті.
Аталған спорттық шара Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастамасымен және «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілді.
«Өзгерісті өзіңнен баста!» ұранымен өткен турнирге аудан аумағындағы мемлекеттік мекемелерден құралған командалар қатысып, бақтарын сынады. Шараның мақсаты — мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, әділдік пен адалдық қағидаттарын нығайту, сондай-ақ ұжымдық рухты арттыру болды.
Турнирдің ашылу салтанатына Отырар ауданы әкімінің орынбасары Сейітқұл Қыдырбай Құнанбайұлы қатысып, спорт бірлік пен әділдіктің символы екенін атап өтті.
Ол өз сөзінде: «Мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметшілер арасында достық пен ынтымақтастықты күшейтіп қана қоймай, қоғамда адалдық пен әділдік мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосады», - дей келе қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс кіші футболдың стандартты ережелері бойынша өтті. Барлық кездесулер әділ төрешілікпен өтіп, командалар өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Тартысты ойын нәтижесінде бірінші орынды «Жайлы мектеп» командасы иеленсе, екінші орынды «Жер қатынастары бөлімі» командасы, ал, үшінші орынды «Аудан әкімі аппараты» командасы қанжығасына байлады.
Турнирдің қорытындысында жеңімпаздар мен белсенділік танытқан командаларға дипломдар, кубоктар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай спорттық іс-шаралар мемлекеттік қызметкерлердің ынтымақтастығын арттырып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.