АУДАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

АУДАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ
Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойы дүбірлі ақындар айтысымен жалғасын тапты. Қазақтың көрнекті тұлғалары халық ақыны, Парасат орденінің иегері Әселхан Қалыбекова мен сатирик, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбектің туғанына 75 жыл толуына арналған «Омартасы рухтың – Отырарым» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Түркістан облысы әкімдігінің және «Аманат» партиясының қолдауымен, Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен бұл рухани іс-шарада еліміздің түкпір-түкпірінен келген танымал айтыскер ақындар бас қосты.
Аудандық мәдениет сарайының фойесінде қылқалам шебері Әділхан Мәліктің шығармашылығынан тақырыптық сурет көрмесі ұйымдастырылып, Отырар өңірінің тарихы мен руханиятынан сыр шертетін құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.
Аламан айтысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізіп отырды.
Ұлттық өнерімізді ұлықтаған іс-шарада Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов құттықтау сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тіледі.
Республикалық додаға еліміздің әр өңірінен келген арқалы ақындар Мақсат Аханов, Алтынгүл Қасымбекова, Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Өміржан Көпбосын, Аспанбек Шұғатай, Тұрар Тлеулиев, Мейірбек Сұлтанхан және ауданымыздың жалынды жас ақындары Дәурен Ақсақалов пен Ахметрасул Баянбай қатысып, айтыстың көркін қыздырды.
Айтыс барысында ақындар ел бірлігі, ұлттық рух, Отырардың тарихи тұлғалары мен мәдени мұрасы жайлы терең толғап, Әселхан Қалыбекова мен Көпен Әмірбектің шығармашылық жолын жырларына арқау етті.
Тыңдарман қауым әр айтыс жұбының өнерін зор ықыласпен қабылдап, сахна төрін қошеметке бөледі. Әсіресе жас буын мен тәжірибелі ақындардың арасындағы рухани сабақтастық, елдік пен ерлік туралы термелі жырлар көпшіліктің көңілінен шықты.
Айтысқа қатысқан ақындарға арнайы жүлделер мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
«Омартасы рухтың – Отырарым» республикалық айтысы ұлттық өнерді дәріптеу, жас буынға өнеге көрсету және ел руханиятын жаңғырту жолында ерекше маңызға ие шара болды.
Айтыс соңында аудан халқы мен қонақтар ұлттық өнерге деген құрметін білдіріп, Отырардың 90 жылдық мерейлі мерекесіне арналған салтанатты кешті зор ықыласпен қорытындылады.