2025 жылғы 14 қазанда, Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдық мерекесі және «18 қазан – Рухани келісім күніне» орай Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Ойлан тап» интеллектуалды ойыны өткізілді.
Аталған шараның басты мақсаты – қатысушылар арасында білімге құштарлықты арттыру, рухани келісім мен өзара сыйластық құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ терең ойлайтын, азаматтық жауапкершілігі жоғары, отансүйгіш және мәдениетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады.
Облыстың барлық аудан, қалаларынан ішкі саясат бөлімдерінің қызметкерлері, «Руханият» орталықтарының өкілдері, жастар ресурстық орталықтарында қызмет атқаратын теолог мамандар, дін қызметкерлері және медресе-колледж ұстаздары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Е.Алтаев қатысушыларды «18 қазан – Рухани келісім күнімен» құттықтап, жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты.
Е.Алтаев: «Интеллектуалды сайыс қатысушылардың зияткерлік әлеуетін арттырып, шығармашылық ойлау қабілетін дамытады. Сонымен қатар, қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жаңа серіктестік және достық байланыстар орнатады. Мұндай форматтағы іс-шаралар өңір тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырып, қоғамдағы рухани тұрақтылық пен дінаралық татулықты нығайтуға зор ықпал етеді» - деп тілге тиек етті.
Сайыс үш кезеңді қамтыды. Сұрақтар еліміздің және Түркістан облысының тарихы, әдебиет, ұлттық салт-дәстүрлер, дін саласындағы заңнамалар және спорт тақырыптарын қамтыды. Қатысушылардың білімі мен тапқырлығын кәсіби әділқазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасы қатарында телогия және философия ғылымдарының докторы, профессор Д.Кенжетай, білікті дін қызметкері А.Оспанов және облыстық дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлы болды.
Тартысқа толы өткен интеллектуалды ойынның жеңімпазы – Отырар ауданы (500 000 теңге) құрамасы болды. Ал, жүлделі ІІ орынды Сайрам ауданы (250 000 теңге) және «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ командалары (250 000 теңге) жеңіп алған болса, үздік үштікті Ордабасы (150 000 теңге) және Төлеби аудандары (150 000 теңге) түйіндеді.
Сонымен қатар, барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар табысталды.
Сондай-ақ, қатысушы командалар арасында ұлттық нақыштағы киім үлгілерімен ерекшеленген Жетісай, Сарыағаш, Созақ аудандарының және «Балаби қари» құран жаттау орталығының құрамалары көрермен көзайымы номинациясына, қаржылай сыйлықтарға ие болды.