АУДАН ӘКІМІ ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫ ТЕМІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

АУДАН ӘКІМІ ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫ ТЕМІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының кездесуі тоғыз жолдың торабы Темір ауыл округінде өтті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстар баяндалып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Ағымдағы жылы Темір ауылында көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынып, жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асып келеді. Мәселен, елді мекендегі Т.Ибрагимов көшесінде балаларға арналған ойын алаңшасы салынып, ел игілігіне берілген. Аталған аумақ ауылдың қарқынды дамып келе жатқан жаңа құрылыс аймағы болып табылады. Мұнда 200-ден аса тұрғын үй орналасқан, тұрғындардың басым бөлігі жас отбасылардан құралған. Осыған байланысты балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қауіпсіз орта құруға бағытталған әлеуметтік нысанның ауыл тұрғындары үшін маңызы зор. Сондай-ақ, Темір ауыл округіне қарасты Отырабат елдімекенінде маңызды жоба іске асырылуда. Атап айтсақ Қарақоңыр ауылы мен Отырабат елді мекенінде орналасқан ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған елді мекендерде ауыз су жүйесінің тозығы жетіп, тұрғындар үшін ауыз суды тұрақты пайдалану барысында бірқатар қиындықтар туындауда. Осыған байланысты, облыстық бюджеттен 145,6 млн теңге қаржы қаралып, тиісті жобалар шеңберінде ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.
Бүдан бөлек Темір–Шәуілдір бағытындағы ұзындығы 4,9 шақырым болатын автокөлік жолының бойына қоршау орнату жұмыстары бастау алды. Аталған бағыттағы Жібек Жолы даңғылы бойына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жасыл аймаққа ағаш көшеттері мен көгал егілген болатын. Дегенмен, жол бойындағы абаттандырылған аумақ қоршалмағандықтан, жайылымнан қайтқан ірі қара малдардың кіріп кетуі жағдайы көптеп орын алған еді. Осы себептен көгалдандыру жұмыстарына айтарлықтай зиян келтіріп қана қоймай, автокөлік қозғалысына да қауіп төндіріп келген болатын. Осы мақсатта аталған жобаның тиімділігі жоғары болып отыр.
Сонымен қатар, Темір ауылы еңбек ардагері А.Қазиев атындағы көшеге асфальт төсеу, ұзындығы 325 метр болатын Теріскей орам көшесі бойындағы ішкі көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Аталған жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Кездесуде ауыл тұрғындары өзге де мәселелер бойынша көкейдегі сауалдарын қойып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптар берілді.
Жиыннан соң аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы елді мекендегі «Темір» теміржол вокзалын қайта құру жұмыстарымен танысты. Ағымдағы жылдың тамыз айында басталған «Темір» теміржол вокзалын қайта құру бойынша құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «BOLD Construction Group» ЖШС жүргізуде. Жолаушылар мен жүк тасымалын қамтамасыз ететін маңызды нысанды жаңғырту жолаушыларға жайлы жағдай жасауға ғана емес, туризм секторын дамытуға да оң әсерін тигізбек. Теміржол вокзалын қайта құрумен қатар Темір ауылындағы Теріскей аймағындағы тұрғындарға жаяу жүргіншілерге арналған көпір салу жұмыстары жүргізілмек. Аталған аймақта 80-нен астам түрғын үй орналасқан. Онда 500-ге жуық тұрғын болса, оның 114 мектеп жасындағы оқушылар. Осы ретте жаяу жүргіншілер көпірінің салынуы — тұрғындар үшін аса маңызды әлеуметтік жоба болып табылады. Көпір салынып біткеннен кейін ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары мектепке және қоғамдық нысандарға қауіпсіз әрі ыңғайлы түрде қатынайтын болады.