Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен апталық аппарат мәжілісі өтті. Жиынға тиісті сала және дербес бөлім басшылары, құқық қорғау қызметкерлері және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кезекті аппараттық мәжілістің күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлық көрсеткіштерінің 9 айдағы болжамды орындалуы туралы мәселе қаралып, талқыланды.
Аталған мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай баяндама жасап, жыл басынан бері бюджеттік түсімдердің өткен жылдың осы уақытымен салыстырғандағы өсу қарқынына тоқталды.
Аудан басшысы индикаторлық жоспарлардың орындалуы туралы әр салаға жеке-жеке тоқталып, аталған мәселе бойынша өз деңгейінде жұмыс жүргізбей жатқан ауыл әкімдері мен дербес бөлім басшыларын сынға алып, тиісті жұмыстарды толық орындауды тапсырды.
Сондай-ақ, “Таза Қазақстан” бағдарламасының орындалуы, жылу маусымына дайындық барысы мен елді мекендерді газдандыру жұмыстары туралы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Саттар Нәлібай хабарлама жасады.
Аудан әкімі мәжілісте көтерілген әрбір мәселелер бойынша тиянақты жұмыстар жүргізу керектігін жеткізді. Әр салада орын алып отырған негізгі кемшіліктерге тоқталып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тиімділік пен нәтижеге негізделген жұмысты күшейтуді тапсырды.