Ауыз су халықтың тұрмыс сапасын арттырудың негізгі көрсеткіші болып табылады. Сондықтан Отырарда халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі басты назарға алынған. Бүгінде ауданымызда осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асып келеді.
Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Ақкөл, Балтакөл, Маяқұм және Сырдария ауылдарында болып, елді мекендерді ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстардың барысымен танысты.
Сапар барысында Ақкөл және Сырдария елді мекендеріндегі ауыз су құрылыстарын көзімен көріп, мердігер мекемелердің атқарып жатқан істеріне назар аударды. Сондай-ақ Балтакөл ауылындағы ауыз су жүйелерін күрделі жөндеу және Маяқұм ауылындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарының жүргізілу барысын бақылады.
Аудан басшысы алдымен Балтакөл елді мекеніндегі ауыз су желілері мен ғимараттарын қайта құру және Ақкөл ауылына ауыз су жүйесін жүргізу жұмыстарын аралап көрді. Балтакөл елді мекеніндегі ауыз су желісінің ұзындығы 48280,02 метр болса, Ақкөл ауылындағы ауыз су желісінің ұзындығы 11 560 метрді құрайды. Мердігер мекемелердің өкілдері аталған жұмыстардың жоспарға сәйкес жүріп жатқанын атап өтті.
Мұнан соң Маяқұм ауылындағы ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Елді мекендегі ауыз су мәселесі бұған дейін халықпен кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан бірнеше рет көтерілген болатын. Аталған мәселеге байланысты бүгінгі таңда ауылдағы ауыз су жүйелерін жөндеу, ауыз су ұңғымасын қазу, жақын елді мекендерге баратын ауыз су құбырларын жаңарту жұмыстары атқарылуда.
Аталған нысандардың ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы зор екендігін айтқан аудан әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізу керектігін ескертіп, жауапты сала орынбасарына аталған жұмыстарды қадағалауды тапсырды.
Одан әрі Қарақоңыр ауыл округіне қарасты Сырдария елді мекеніндегі ауыз су құбыры желілері мен имараттарының құрылысын көрді. Аталған нысанның құрылысы ағымдағы жылы сәуір айында басталған. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер «Сиқым-Олжас» ЖШС. Жобаның жалпы құны 360 707,182 теңгені құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес қарқынды жүруде.
Іс сапары соңында аудан әкімі жұмыстардың бекітілген мерзімде орындалуын, тұрғындарға қолайсыздық туындамауын және жұмыстардың сапалы жүргізілуін қатаң бақылауға алуды жауапты мамандарға тапсырды.