АУДАНДА АЙМАҚТЫҚ ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

АУДАНДА АЙМАҚТЫҚ ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ
Отырар ауданында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен және әкімдігінің қолдауымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Қоғам вейпке қарсы – жастардың таңдауы салауатты өмір» атты аймақтық жас ақындар айтысы өтті.
Шараның басты мақсаты – Мемлекет Басшысының «Заң мен тәртіп» қағидасын ел арасында кеңінен түсіндіре отырып, қоғамда, әсіресе жастар арасында вейпке деген мүлде төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
«Ұлыларың Отаны» саналған киелі Отырар ауданындағы жас ақындар айтысын облыстық және республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, ақын Дәурен Ақсақалов жүргізіп, өңіріміздің аудан-қалаларынан келген жас ақындармен таныстырды.
Шараның ашылу салтанатында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Е.Балғабаев пен аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы сөз сөйлеп, жастардың болашағына қауіп төндіретін зиянды әдеттермен күресу – қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Бүгінгі жиынның мәні де, мазмұны да ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында өткізіліп отырған ақындар айтысы – салауатты өмір салтын насихаттаудың, ұлттық рух пен тәрбие берудің озық үлгісі. Қазақ – сөзге тоқтаған, сөз арқылы тәрбие берген, ел мен ердің қадірін жырымен жырлаған халық. Бүгінгі айтыс өнеріне деген көпшіліктің ыстық ықыласы соның дәлелі. Сахна төрінде сөз сайысына түсіп жатқан жастарымыз тек өнерімен емес, ойлы пікірлерімен, парасатты пайымымен зиянды әдеттерге қарсы тұрып, салауатты өмір салтын таңдауға үндеп келеді. Бүгінде елімізде жастар арасында электронды темекі, яғни вейпке әуестік белең алып бара жатқаны жасырын емес. Бұл – денсаулыққа үлкен зиян келтіретін, болашақ ұрпақтың өмір сапасына тікелей әсер ететін өте өзекті мәселе. Сондықтан біз тек тыйыммен емес, тәрбиемен, үгіт-насихатпен, рухани құралдармен күресуіміз қажет. Соның жарқын көрінісі – осы айтыс алаңы. Ендеше сөз арқылы санаға сәуле құйған ақындарымызға шынайы алғысымды білдіре отырып, шалқар шабыт пен жеңіс тілеймін»,-деді.
Айтыста арқалы жас ақындар Отырар ауданының жетістіктері мен тарихи тұлғаларын жырларына арқау етіп, жастар арасында белең алып бара жатқан жат қылықтардың қоғамға, ел болашағына зияны туралы сөз қозғады.
Шара соңында сөз өнерін дәріптеп жүрген ақындар департамент басшысының және аудан әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталып, сый-сыйапаттар табысталды.