Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауданның білім беру мекемелеріндегі ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады.
Отырар аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінің ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық білім басқармасы арқылы қаржы қаралып, мердігерлер анықталған. Бүгінде жөндеу жұмыстары басталып, кезең-кезеңімен іске асып келеді.
Аудан басшысы алдымен Шәуілдір ауылындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-лицейі мен Ақтөбе ауыл округіндегі Қ.Мұңайтпасов атындағы жалпы білім беретін мектебінде болып, жұмысшылармен кездесті. Мектептің қоршауларын жаңартып, ішкі қабырғаларын жөндеу, сырлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінде жөндеу жұмыстары қарқын алып, тиісті жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда. Ал, Жаңа Шілік ауылындағы М.Шаханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің жөндеу жұмыстары баяу жүруде.
Аталған мән-жаймен толық танысқан аудан басшысы мердігер мекеменің өкілдеріне жоспарлы жұмыстарды мерзімінен кешіктіргені үшін ескерту жасап, жауапты сала орынбасарына бақылауға алуды жүктеді. Мектептердің жаңа оқу жылына дайын болуы керектігін айтып, жөндеу жұмыстарының уақытылы сапалы жүргізілуін қадағалауды жауаптыларға тапсырды.