2025 жылы 13 шілдеде өткен Ақтөбе ауылдық округі әкімі сайлауының нәтижелеріне сәйкес, аудандық сайлау комиссиясының шешімімен Ақтөбе ауылдық округінің әкімі болып Бақбергенов Арапбай Бақытбекұлы сайланды.
Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Ақтөбе ауылында болып, жаңадан сайланған әкімді ауыл тұрғындарына таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Аудан әкімі халықпен тығыз байланыста, ауызбіршілікте және түсіністікте жұмыс жасау керектігін айтып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған негізгі міндеттерді абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
Мұнан соң Отырар ауданының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Жұбаев Нұрлан сайлау қорытындысымен таныстырып, жаңа әкімге қызметтік куәлігін табыстады.
Кездесуде ауыл ақсақалдары сайланған ауыл округі әкімінің ілкімді істері алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдіріп, ақ батасын берді.
Бақбергенов Арапбай Бақытұлы 1990 жылдың 25 сәуірінде Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында туылған. Білімі жоғары, 2011 жылы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін автоматтандыру және басқару бакалавры мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2013 жылы Отырар аудандық ветеринариялық қызметі мекемесінің операторы болып бастаған. 2015-2021 жылдары Талапты ауыл округі әкімі аппаратының жетекші маман-есепшісі, 2021 жылдан осы уақытқа дейін Талапты ауыл округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі қызметін атқарып келді.