Соңғы жылдары елімізде ағын су тапшылығы басты мәселеге айналып келеді. Бұл мәселе ауданымызда да өзектілігін жойған емес. Әсіресе мамыр-маусым айларында Д.Алтынбеков каналының аяқ жақ бөлігіне су жетпей, шаруақожалық иелерінің еккен егіндері алғашқы суын іше алмай әбігерге түседі.
Бүгін ауданға “КазСуШар” РМК Түркістан филиалының директоры Қазбек Бедебаев арнайы келіп, аймақты ағын су мәселесімен танысты. Аралау барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан көлемінде ағын су жетіспеушілігі бойынша туындаған мәселелермен таныстырды.
Бұған дейін «Қызыл ту» насос станциясындағы су айдайтын насостарды күрделі жөндеуден өткізіп, шаруаларды қажетті мерзімде ағын сумен қамтамасыз ету үшін каналдар тазартудан өткен болатын. Дегенмен каналдың жоғары бөлігінен келетін ағын су көлемінің аздығы егістік алқапты толық қамтамасыз ете алмайды.
Аталған мән-жаймен танысқан Қазбек Бедебаев Қоғам ауыл округіндегі «Қызыл ту» насос станциясының жұмысын көріп, одан әрі Д.Алтынбеков каналының аяқ жақ бөлігіне барып, Отырар, Қарғалы елді мекендерінің шаруаларымен кездесті.
Бүгінгі таңда Д.Алтынбеков каналына “Бөген” су қоймасынан 5 куб, “Қараспан” су бөгетінен 4,5 куб су босатылған. Қазіргі уақытта каналға жалпы 7 куб су келуде.
Іс сапар барысында филиал директоры Қ.Бедебаев “КазСуШар” РМК Түркістан филиалы Отырар өндірістік бөлімшесінің мамандарына Қарғалы ауыл округінің Отырар елдімекені аумағындағы егіс алқаптарына ағын су жеткізу мәселесін басты назарға алып, күнделікті кезекшілік ұйымдастыруды қатаң бақылауда ұстау керектігін атап өтті.