МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ШАҒЫН ФУТБОЛДАН ЖАРЫС ӨТТІ

МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ШАҒЫН ФУТБОЛДАН ЖАРЫС ӨТТІ
24 маусым - Судья және Сот қызметкерлері күні мен 23 маусым - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілер және Полиция күніне орай Отырар ауданы бойынша мекеме қызметкерлері арасында футболдан аудандық турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы қатысып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Аудан басшысы құттықтау сөзіне: «Тағылымдық тұрғыда мәні айрықша доп додасы ең бірінші бұқаралық спортты насихаттаумен қатар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасындағы достықты, береке мен бірлікті насихаттайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, ашықтық, адалдық, адал ниеттілік және клиентке бағдарлануды мақсат еткен қызметкерлер – қоғамның айнасы болуы міндетті. Тұрғындардың мемлекеттік органға деген көзқарасы қызметкерлер арқылы қалыптасады»,-дей келе, тартысты ойында шын жүйріктердің оза шабуына тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ, мерекелік спорттық шараға арнайы қатысқан аудандық Сотының төрағасы Марат Қуандықов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Берік Нышанбаев өзара түсіністік пен достықты дәріптеуге бағытталған спорттық жиынның мекеме қызметкерлері арасындағы бірлікті нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға қосатын үлесі зор екенін атап өтті.
Аудан көлемінде өткен бұл жарысқа барлығы 10-ға жуық команда қатысып, өзара шеберліктерін сынға салды. Жоғары деңгейде өткен турнир нәтижесінде аудандық емхана ұжымы ІІІ орын, аудан әкімі аппараты ІІ орын, мәдениет және спорт бөлімі І орынды иеленді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командаларға арнайы кубоктар, грамоталар, медальдар және сертификаттар табыс етілді.