Отырар аудандық білім бөліміне қарасты «Отырар» жазғы сауықтыру лагері демалуға келген отырарлық балалардың алғашқы легін қабылдады.
Лагердің ашылу салтанатында еліміздің Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, оқушылар сап түзеп құрмет көрсетті. Мұнан соң "Жас Ұлан" ұйымының туы кіргізіліп, лагерде демалушы топтарды аталмыш ұйымға қабылдау рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы қатысып, балаларды жазғы демалыс күндерімен құттықтады.
Ол өз сөзінде: «Жазғы демалыс - балалар үшін табиғат аясында демалып, дүниетанымын арттыратын, бос уақытын тиімді әрі мағыналы өткізуге мүмкіндік беретін ғажайып сәт. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Бұл лагерь балардың сан түрлі таланттарыңды ашып көрсетуге мүмкіндік береді»,-дей келе жазғы демалыстың қызықты өтуіне тілектестігін білдірді.
Айта кету керек, биыл лагерьде ауданымыздан 1050 бала демалады. Оқу мен тәрбиелеудің үздіксіз процесі сапалы білім беру болса, қазіргі кездегі білім берудегі басты мақсат – жан-жақты өзіндік ой-талғамы бар, өмір сүруге бейім, адамгершілігі жоғары бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу. Биылғы жылы аудандағы оқушылардың жетістіктерінің қатары көбейіп, түрлі деңгейдегі білім бәсекесіне қатысып, жақсы жетістіктерге жетті. Сөйтіп, олар ауданымыздың білім саласындағы беделінің артуына өзіндік үлестерін қосты.
Салтанатты жиында оқушылар «Қазақстаным Отаным» әнін қосыла шырқап, одан әрі аудан өнерпаздарының өнерін тамашалады.
Салтанатты шарадан соң аудан әкімі балалар жатақханасы мен асхана жайын, ойын алаңдарын аралап, санитарлық тазалығы мен қауіпсіздік шараларының сақталуын қадағалады. Аралау барысында жауапты сала орынбасары мен бөлім басшысына балалардың демалыс уақытында барлық қажетті жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып, балардың қауіпсіздік шараларын бақылауда ұстауды тапсырды.