
Салтанатты іс-шара зиялы қауым өкілдері, тыл ардагерлері, әскери қызметкерлер мен жастардың қатысуымен ауданның Орталық саябағында өтті. Шара саябақта арнайы ұйымдастырылған көріністермен басталды. Саябақ аумағында зұлмат жылдарды еске түсіретін әскери шатырлар құрылып, аудан өнерпаздары соғыс тақырыбында әсерлі сахналық қойылым көрсетті.
Мемлекеттік Әнұранның асқақ әуенімен жалғасқан іс-шарада майдан даласында жанын пида еткен қаһармандардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етіліп, саябақтағы ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды.

Мерекелік жиын Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ашылу салтанатында аудан әкімі Азат Оралбаев құттықтау сөз сөйлеп «Ер басына күн туып, етігімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» сұрапыл жылдардағы батыр бабаларымыздың өлшеусіз ерліктері ешқашан ұмытылмайды»-деп , батыр бабаларымыздың ерлігі мен тылдағы қажырлы еңбектің маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Ұлы Жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлері «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ардагерлерге бұл құрметті марапатты аудан басшысы арнайы табыстады.

Шара барысында, облыстық мәслихат депутаттары Дулат Әбіш, Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков сөз кезегін алып, жиналған қауымды Ұлы Жеңістің мерейтойымен құттықтап, жастарды бейбіт өмірдің қадірін білуге шақырды. Облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш ауданымыздан шыққан Ұлы Отан соғысының Батырлары жайлы тың деректерді ортаға салды.
Айта кетейік Ордабасыдан Берген Исаханов, Бейсен Оңтаев, Қарсыбай Сыпатаев, Сыдық Ысмайылов сынды жерлестеріміз Кеңес Одағының Батыры атанған. Ал қазіргі күндегі облыстағы 8 Отан соғысы ардагерінің біреуі ауданымыздағы соғыстың соңғы солдаты Қалмен Мұратов ортамызда.
Келесі кезек жақында республикалық ән байқауында жеңіске жеткен аудандағы «Дарын» тобының патриоттық «Қазақ елі» әніне беріліп, жүргізуші барша жұртқа іс – шараның «Самұрық» аллеясында жалғасын табатынын мәлімдеді.