ҮШ АЙМАҚТЫҢ ТОҒЫСҚАН ЖЕРІНЕ КӨПІР САЛУ КӨЗДЕЛУДЕ

ҮШ АЙМАҚТЫҢ ТОҒЫСҚАН ЖЕРІНЕ КӨПІР САЛУ КӨЗДЕЛУДЕ
Ауданымыздағы Шұбарсу ауылынан Шымкент қаласына қатынауды жеңілдету мақсатында, қосымша көпір салу мәселесі біраз уақыттан бері өзекті болып келеді. Осыған байланысты ауыл тұрғындары атынан аудандық мәслихат депутаты Ғабит Оразымбетов аудан әкімі мен аудандық маслихат төрағасы тарапына өтініш жолдаған болатын.
Осы орайда бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш және аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабековпен бірге Түркістан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қайрат Пазыловты арнайы шақырып, тиісті саланың бөлім басшылары мен көпір орналасатын жерге шекаралас Сайрам ауданының жауапты мамандарының басын қосып, көпір салынуы көзделген аумаққа барып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында аталған нысанды жобалау жолдары жан жақты талқыланды. Көпір құрылысын үш аймақтың, атап айтқанда, Шымкент қаласы, Сайрам және Ордабасы ауданының тоғысқан жерінде жүргізу ұсынылғандықтан нысанды құжаттандыру амалдары қарастырылып, нақты шешімге келу жолдары сарапталды. Нәтижесінде құрылысқа қатысты қос ауданның жуапты сала мамандарына тиісті орындарға сұраныс жолдау үшін, көпір құрылысының нобайы мен қаржы жоспарын жасау тапсырылды.
Айта кетсек, Ауданымыздағы халық саны күн санап артып келе жатқан Шұбарсу елді мекені Шымкент Самара тас жолы бойында Шымкент қаласынан 27 шақырым, көршілес Сайрам ауданының орталығы Ақсу ауылынан 55 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауыл тұрғындары қалаға қатынайтын жолдарда таң ертең және кешкі уақыттарда көлік кептелісі орын алады. Бұл мәселені шешудің жолы ретінде ауыл ішіндегі, бас көшелердің бірі саналатын Қазыбек би көшесінен Шұбарсу өзені үстіне көпір салынса Сайрам ауданына да Шымкент қаласына да айтарлықтай жақын қашықтықта баруға мүмкіндік туады.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі