Ауданда Республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясы аясындағы санитарлық жұмыстар жалғасуда. Осы орайда ауданымызда тұрғындардың белсенділігін арттырып, тазалық және абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүйелей түсу бағытында әр аптадағы сенбілік шараларына мазмұнды тақырыптар қойылды.
Бүгінгі сенбілік « Таза аймақ-табысты ауыл» апталығы аясында жүргізілді. Темірлан ауылдық округінде орналасқан Орталық саябақ аумағындағы және Ынталы ауылында өткен сенбілікке аудан әкімі аппаратының және экономика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, спорт, ішкі саясат бөлімдерінің, жастар ресурстық орталығы, «Темірлан абаттандыру» мекемесі және өзге де жауапты ұйымдар мен мекемелер сондай-ақ Қажымұқан ауыл округі әкімдігінің қызметкерлері белсенді түрде атсалысты.
Сенбілік барысында ағаштарды әктеу, аяқ жолдарды тазалау, тұрмыстық қалдықтарды жинау, ағаш егу сынды жұмыстар атқарылды. Қатысушылар өздерімен бірге қажетті құрал-жабдықтарын – шелек, тырма, әктегіш щетка, күрек, қолғап секілді жабдықтарды ала келді.
Сонымен қатар аталған акция ауданның барлық ауыл округтерінде жүзеге асырылды.
Мұндай ауқымды әрі жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі