«БОЛАШАҚҚА МҮМКІНДІК – ЖАҢА ӨМІР» ФОРУМЫ ӨТТІ

«БОЛАШАҚҚА МҮМКІНДІК – ЖАҢА ӨМІР» ФОРУМЫ ӨТТІ
Бүгін аудан орталығының мәдениет сарайында Мемлекет басшысының жолдауындағы Заң мен тәртіп қағидасын іске асыру мақсатында «Болашаққа мүмкіндік – Жаңа өмір» атты форум өтті. Бұл жиынның басты мақсаты – сотты болған азаматтардың қайта қылмыс жасауын болдырмау және оларды қоғамға бейімдеу мәселелерін талқылау болды.
Форумға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудан әкімінің орынбасары Ілияс Тұрнияз, дербес бөлім қызметкерлері, ауыл округі әкімдері, ардагерлер, аудандық полиция бөлімінің өкілдері, аудандық мансап орталығының мамандары, жастар және пробация есебіндегі азаматтар қатысты. Жиын арнайы дайындалған жұртшылықты заң бұзудан сақтандыруға бағытталған сахналық қойылыммен басталды.
Форумның ашылуында аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, «батыр атамыз Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген, қауіпсіз ортада алаңсыз өмір сүру үшін заң мен тәртіп басты қажеттілік», деп жұртшылықты құқықбұзушылықтан аулақ болуға және мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды. Сондай-ақ, қателік жасаған азаматтарды қайта әлеуметтендіру бойынша мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін, әкімдік тарапынан қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмектер ұйымдастыру жөніндегі консультативтік-кеңесші орган құрылып, пробация қызметімен бірлескен ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті
Аудан басшысының алғысөзінен кейін форум мақсатына сәйкес бейнеролик көрсетілді
Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Ілияс Тұрнияз сөз кезегін алып, аудан әкімдігінің қаулысымен құрылған комиссия жұмысы негізінен екі бағытта жоспарланып, нақты меже қойғанын, оның бірі пробация есебінде тұрған азаматтарды 100 пайыз тұрақты жұмыспен қамту келесісі әлеуметтік қолдау арқылы кедейлік деңгейі санатынан шығару екенін айтты. Аудандағы пробация есебінде тіркелген азаматтардың және оларға көрсетілген әлеуметтік көмектердің толық статистикасын баяндады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», алға қойған межеге бәріміз атсалысайық деп сөзін түйіндеді.
Жиын барысында аудан Прокурорының орынбасары Ерлан Мусаев азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырса, аудандық Полиция бөлімі бастығының орынбасары Руслан Мейрбеков пробация есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей Бөпешбайұлы қоғамдағы тәртіп, қамқорлық, ынтымақ-бірлік турасындағы аталы сөздерін арнап, «пробация сөзі - бақылау, байқау мағынасын білдіреді, «адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң», жазатайым қателескен жандарды тәрбиелеу, қатарға қайта қосу бәріміздің міндетіміз», деп тақырыпқа кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, ауданның бас имамы аудан тұрғындары мен жастарын имандылыққа, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді құрметтеуге, діни экстремизмнің алдын алуға шақырып, рухани тәрбиенің маңыздылығын атап өтті.
Жиын соңы жұртшылықты жігерлендіріп, ізгілікке үндейтін патриоттық әнмен қорытындыланды.
Айта кетейік, форум басталмас бұрын аудандық мансап орталығы және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі және жиын аяқталған соң пробация есебіндегі азаматтарды жеке қабылдау шарасы өткізілді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі