ҚАРТ ЖҮРГЕН ЖЕР - БЕРЕКЕ

ҚАРТ ЖҮРГЕН ЖЕР - БЕРЕКЕ

Халықаралық қарттар күніне орай Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов, аудандық мәслихаттың хатшысы Касымбай Әбдіхалық, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразымбет Есқараев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Бекбосын Бадам ауылында тұратын Темірхан Батырбекұлы ақсақалды мерекемен құттықтап барды.
Темірхан ақсақалдың жасы 100-де. Тыл ардагері.Талай жыл ауылшаруашылық саласында қажырлы еңбек еткен. Егістік жерлерге канал қазумен айналысқан. Түйекеш болып, совхоздың мақталарын тасыған. 5 ұл, 7 қыздан 60 немере, 166 шөбере мен 16 шөпшек көріп отырған жағдайы бар.
Аудан басшысы бастаған азаматтар сондай-ақ Бөржар ауылының тұрғыны Қылауда Кеңілдікқызының шаңырағында болып, жасы 100-ден асқан әжейге сый-құрмет көрсетті. Иығына ақ орамал жауып, батасын алды.
Сондай-ақ Қажымұқан ауылында тұратын, жасы 106-ға келген Шәмбек Рахманова әжейдің шаңырағына ат басын бұрып, мерекелік сый-сияпат жасалды.
- Қазақта “Қариясы бар үйдің қазынасы бар” деген қанатты сөз бар. Сіздер қазынасыздар. Ел үшін жасаған еңбектеріңіз орасан. Кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге. Алланың берген жасын жасаңыздар. Біз Сіздермен мақтанамыз, марқаямыз, - деді аудан басшысы Нұрбек Бақтыбайұлы.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі