МӘДЕНИЕТ ПЕН СПОРТ САЛАСЫНЫҢ 9 АЙЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

МӘДЕНИЕТ ПЕН СПОРТ САЛАСЫНЫҢ 9 АЙЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Ордабасы ауданында мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт салаларында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы кезеңнің негізгі міндеттері айқындалды.
Аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен өткен жиында саладағы негізгі көрсеткіштердің орындалуы, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасы, мәдени іс-шаралардың мазмұны және спорт инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды.
Жиында ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Нүриддин Асанбаев 9 айдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар мен негізгі көрсеткіштер жөнінде баяндады.
Есепті кезеңде ауданда 312 мәдени іс-шара өткізіліп, 51 100 көрермен қамтылған. Оның ішінде балаларға арналған 120 шараға 22 мың бала қатысқан. Аудандағы 33 кітапхананың кітап қоры 291 950 данаға жетіп, оқырмандар саны 20 292 адамды құраған.
Тілдерді дамыту бағытында қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша 250 азамат білімін жетілдірсе, ономастика саласында атауы жоқ 5 көшеге жаңа атау берілген.
Спорт саласында ауданда 180 спорт нысаны жұмыс істейді. Спорттың 29 түрі дамытылып, 174 жаттықтырушы еңбек етуде. Жүйелі түрде спортпен шұғылданатын тұрғындар саны 58 685 адамға жеткен. 9 айда жоспарланған 210 жарыстың 170-і өткізілген.
Жиында спорт саласындағы инфрақұрылымдық жобалардың барысы да қаралды. Шұбар ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы 70 пайызға, Темірлан ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен теннис кортының құрылысы 50 пайызға орындалған.
Аудан әкімі Азат Оралбаев саладағы көрсеткіштерді жыл соңына дейін толық орындаудың маңыздылығына тоқталып, әсіресе тұрғындар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, бұқаралық спортты дамыту және мәдени қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар салынып жатқан спорт нысандарының құрылысы белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуы қажеттігін атап өтіп, жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Жиында IV тоқсанда атқарылатын жұмыстар пысықталып, жыл соңына дейін орындалуы тиіс көрсеткіштер нақтыланды. Белгіленген тапсырмалардың орындалуы бақылауға алынды.