ОРДАБАСЫНЫҢ ТАРИХЫ ҰЛЫТАУДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ОРДАБАСЫНЫҢ ТАРИХЫ ҰЛЫТАУДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Осы жылдың 15–17 қыркүйек күндері аралығында Жезқазған қаласындағы Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінде «Қазақ жеріндегі ежелгі өркениет үлгісі – «Арыс мәдениеті» атты республикалық көшпелі көрме өтті.
«Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы ұйымдастырған мәдени-танымдық шара баспасөз конференциясымен басталып, көрменің ашылу салтанатымен ұласты. Жиынға Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өкілдері, музей мамандары, ғалымдар, журналистер және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Көрме экспозициясына Ордабасы өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасын танытатын музей қорындағы жүзге жуық құнды жәдігер қойылды. Көне тас дәуірінен бастап ерте қола дәуірі, сақ, қаңлы, түргеш және қарахан кезеңдеріне тиесілі археологиялық мұралар көрермен назарына ұсынылды.
Көшпелі көрме арқылы ежелгі дәуірлерден бастау алатын тарихи сабақтастық пен Сыр бойындағы өркениеттің өзіндік ерекшеліктері кеңінен таныстырылды.
Ордабасы мен Ұлытау – қазақ халқының тарихында айрықша орны бар, елдік пен бірліктің, ұлттық рух пен тарихи жадтың маңызды нышандарын бойына жинаған қасиетті мекендер.
Республикалық көрме екі өңірдің тарихи-мәдени байланысын кеңінен танытып, ұлттық мұраны дәріптеу мен оны кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытындағы маңызды мәдени жобалардың бірі болды