
Ордабасы аудандық мәслихатының кезекті ХХХХХІ сессиясы өтіп, онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды. Сессияға аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков төрағалық етті.
Жиында аудан әкімі Азат Оралбаев есепті кезеңде атқарылған жұмыстар жөніндегі есебі тыңдалды. Аудан басшысы өткен кезеңдегі негізгі көрсеткіштерге тоқталып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, елді мекендердің инфрақұрылымын жетілдіру, халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Есеп барысында алдағы кезеңнің басым бағыттары да айқындалды. Оның ішінде тұрғындардың өтініштері мен елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешу, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру және жоспарланған жобалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді.
Сессия отырысында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласының жай-күйі де сөз болды. Бөлім басшысы Ардақ Талдыбаевтың есебі негізінде халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесі және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы талқыланды.
Сондай-ақ құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударылды. Бөлім басшысы Талғат Омарқұлов аудан аумағындағы құрылыс жобалары мен сәулет-қала құрылысы бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Кәсіпкерлік саласы бойынша да атқарылған жұмыстар сараланды. Бөлім басшысының міндетін атқарушы М.Сәду шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау және мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетіліп жатқан қолдау шаралары жөнінде мәлімет берді.
Сессия барысында 2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы шешімге өзгерістер енгізу мәселесі қаралып, экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева тиісті ақпарат ұсынды. Сонымен бірге аудандық мәслихат аппаратының ережесін бекіту мәселесі қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер депутаттардың талқылауына ұсынылып, тиісті шешімдер қабылданды.