ЖҮГЕРІНІҢ ӘР ГЕКТАРЫНАН 120–130 ЦЕНТНЕР ӨНІМ АЛУ КҮТІЛУДЕ

ЖҮГЕРІНІҢ ӘР ГЕКТАРЫНАН 120–130 ЦЕНТНЕР ӨНІМ АЛУ КҮТІЛУДЕ

Ордабасы ауданында егін жинау науқаны басталып, дала жұмыстары қызу қарқынға енді. Биыл шаруалар суармалы жердің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жүгері алқаптарының көлемін арттыруға басымдық берді.
Аудан бойынша биыл 71,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, соның 8,3 мың гектарын жүгері құрады.
Жүгері – суармалы алқапта өнімділігі жоғары, мал азығы мен өңдеу өнеркәсібі үшін маңызы бар дақыл. Сондықтан шаруалардың бұл бағытқа қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Оған мемлекеттік қолдаудың да әсері бар. Тұқым сатып алуға және қайта өңдеуге өткізілетін өнімге берілетін субсидия шаруаларға қосымша мүмкіндік беруде.
Соның бір мысалы – Қараспан ауылдық округіндегі «Қахар» шаруашылығы. Биыл шаруа қожалығы суармалы жердің 58 гектарына жүгері орналастырған.
Қазір мұнда өнім жинау жұмыстары жүріп жатыр. 25 гектар жүгері дәнге орылса, 33 гектар алқап сүрлем дайындауға бағытталған.
Шаруашылықтың алдын ала есебі бойынша, биыл әр гектардан 120-130 центнерге дейін өнім алу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішке суармалы жерді тиімді пайдалану, тиісті агротехникалық талаптарды сақтау және егіс алқабын дұрыс күтіп-баптау арқылы қол жеткізу көзделуде.
Бүгінде 5 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруашылық иесі алдағы уақытта егіс көлемін ұлғайтып, өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр.