АППАРАТТЫҚ ЖИЫН ӨТТІ

АППАРАТТЫҚ ЖИЫН ӨТТІ

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті.
Жиында ауданның 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, негізгі индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы мен бюджет қаражатының игерілу барысы қаралды.
Аталған мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева баяндама жасап, негізгі көрсеткіштердің орындалу деңгейі мен бюджет қаржысының игерілуіне тоқталды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселелер бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков 8 айда атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы есеп берді. Сонымен қатар жол құрылысы жобаларының жүзеге асырылу барысы баян етілді.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигондардың жағдайы жеке қаралды. Бұл бағытта «Таза су» МКК директоры Кылышбек Абишев полигондардың қазіргі жай-күйі, санитарлық талаптардың сақталуы мен анықталған мәселелер жөнінде баяндады.
Елді мекендердегі санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының барысы бойынша ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің басшысы Марат Туреев баяндады. Жиында көшелердің жарықтандырылуы, балалар ойын алаңдарының жай-күйі, қоқысты шығару, жол белгілерін орнату және елді мекендердің жалпы абаттандырылуы мәселелері талқыланды.
Аудан әкімі аталған бағыттар бойынша бірқатар кемшілікке тоқталып, ауылдық округ әкімдерінің жұмысына сын айтты. Әсіресе Қараспан, Қажымұқан, Бадам және басқа елді мекендердегі жарықтандыру, тазалық, ойын алаңдарын күтіп ұстау және абаттандыру мәселелерін жедел ретке келтіру талап етілді.
«Әркім өз аумағына жауапкершілікпен қарауы керек», – деген Азат Оралбаев атқарылған жұмысты қағаз жүзіндегі есеппен емес, нақты нәтижемен бағалау қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, жиында елді мекендерді табиғи газға қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Бүгінде аудан бойынша табиғи газбен қамту деңгейі 78,9 пайызды құрайды. Қалған елді мекендерді газдандыру жұмыстарының барысы сараланды.
Жиын қорытындысында жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстардың орындалу мерзімі мен сапасын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі