АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУ МЕН НАҚТЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТУ ТАЛАП ЕТІЛДІ

АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУ МЕН НАҚТЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТУ ТАЛАП ЕТІЛДІ


✔️Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, бюджет кірісін арттыру, салық берешегін өндіру, заңсыз құрылысқа жол бермеу, елді мекендерді абаттандыру, көшелердің жай-күйі, табиғи газбен қамту және санитарлық тазалық бағыттарындағы жұмыстардың барысы қаралды.
✔️Мәжіліс барысында аудан басшысы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша республика көлемінде алдыңғы орынға көтерілгенін атап өтті. Облыс көлеміндегі көрсеткіш бойынша Оодабасы ауданы алтыншы орында тұрғанын жеткізді. Бұл – біздің аудан үшін жаман көрсеткіш емес. Дегенмен, қол жеткізілген нәтижемен шектелмей, көрсеткіштерді одан әрі жақсарту бойынша барлық саланың жұмысын жандандыру қажет екенін айтты.
✔️Алғашқы мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева баяндама жасап, жеті айдың қорытындысы бойынша аудан бюджетінің орындалуы 99 пайызды, аудандық бюджеттің орындалуы 105 пайызды құрағанын жеткізді. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 20,9 млрд теңгеге, өнеркәсіп өндірісі 35,6 млрд теңгеге, инвестиция көлемі 26,5 млрд теңгеге, құрылыс жұмыстары 11,9 млрд теңгеге, сауда көлемі 41,6 млрд теңгеге жеткен.
✔️Сонымен қатар салық түсімдерін ұлғайту және берешекті қысқарту мәселесі талқыланды. Ауыл округтеріндегі салық қарыздарын өндіру бойынша рейдтік жұмыстардың кей жерлерде тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отырғаны айтылып, бұл бағыттағы жұмыстың әлсіздігі сынға алынды. Аудан әкімі ауыл округтері әкімдеріне берешекті өндіріп алу бойынша жұмысты күшейтіп, рейдтік шараларды жүйелі ұйымдастыруды және атқарылған жұмыстың нақты нәтижемен көрсетуді тапсырды.
✔️Заңсыз құрылыс нысандары бойынша аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Болат Әлішев баяндама жасады. Оның айтуынша, аудан аумағында құрылыс жүргізіліп жатқан 101 нысан зерделеніп, оның 39-ы тиісті рұқсат құжаттарын алған. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде қосымша 49 заңсыз құрылыс анықталған.
Осыған байланысты аудан әкімі заң талаптарын сақтамай құрылыс жүргізуге жол бермеуді, анықталған нысандар бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
✔️Келесі мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков баяндама жасап, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды таныстырды.
✔️Бүгінде аудан бойынша 13 708 абоненттің 11 306-сы табиғи газға қосылған. Газбен қамту деңгейі 82,5 пайызды құрайды. Сонымен бірге есепті кезеңде 2 578 нысанға түгендеу жұмыстары жүргізіліп, оның 1 854-і аяқталған. Санитарлық тазалықты сақтау мақсатында 377 рейд ұйымдастырылып, 322 нысанда анықталған кемшіліктер жойылған.
✔️Бұған қоса, алдын пайдалануға берілген балалар ойын алаңшаларының қазіргі жағдайын ретке келтіру мәселесіне назар аударды. Қолданыстағы ойын алаңшаларының жағдайы талапқа сай болмай, жаңасын салуға жол берілмейтінін атап өтті.
Елді мекендердің көркі мен тазалығы да жиын назарынан тыс қалмады. Қажымұқан ауыл округіндегі көшелердің жағдайы, абаттандыру жұмыстары мен аялдамалардың жай-күйі қаралып, бірқатар бағыт бойынша жұмысты күшейту қажеттігі айтылды.
✔️Мәжіліс қорытындысында табиғи газбен қамту көрсеткіші мен газдандыру жұмыстарының барысы талданып, жауапты мамандарға газбен қамту деңгейін арттырумен қатар, газ желілерінің қауіпсіз әрі талапқа сай пайдаланылуын бақылауды күшейту тапсырылды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі