
Ордабасы ауданының жас дзюдошылары халықаралық аренада ел мерейін үстем етіп келеді. Солардың қатарында ауданымыздың талантты спортшысы Жандарбай Кәусар Азия чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, кезекті мәрте ел абыройын асқақтатты.
Иорданияның Амман қаласында 2026 жылғы 16–17 шілде күндері дзюдодан кадеттер арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында -40 келі салмақ дәрежесінде белдескен Жандарбай Кәусар тартысты белдесулерде жоғары шеберлік, қайсар мінез және жеңіске деген жігер танытып, Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.
Бұл – жас спортшының халықаралық деңгейдегі тағы бір айтулы жетістігі. Кәусар жарыс барысында тәжірибелі қарсыластарымен лайықты белдесіп, өзінің жоғары дайындық деңгейін дәлелдеп, Қазақстан қоржынына кезекті медаль салды.
Айта кетерлігі, 2026 жылдың 3–5 сәуірі аралығында Әзірбайжан Республикасының Ганжа қаласында өткен кадеттер арасындағы Еуропа кубогында да Жандарбай Кәусар -40 келі салмақ дәрежесінде сәтті өнер көрсетіп, қола жүлдеге ие болған еді. Осылайша, жас спортшы биылғы маусымда құрлықтық деңгейдегі екі ірі халықаралық жарыста қатарынан жүлдегер атанып, өзінің тұрақты шеберлігі мен үлкен әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Жандарбай Кәусар қызымызды оның ата-анасын, бапкерлерін және жанкүйерлерін Азия чемпионатындағы айтулы жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз!
Алдағы халықаралық додаларда да жеңіс тұғырынан көрініп, көк Туымызды әлемдік ареналарда биікке көтере беруіне тілектеспіз!
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі