АУДАН ӘКІМІ АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ

АУДАН ӘКІМІ АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ


Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобалардың орындалуы, заң талаптарының сақталуы және инфрақұрылымдық мәселелер жан-жақты сараланды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту болды. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Патима Ташимова өңірге инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу және жаңа жұмыс орындарын құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Аудан әкімі әрбір инвестициялық жобаның уақытылы әрі сапалы іске асырылуын, көрсеткіштердің нақты нәтижемен өлшенуін және бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
Келесі кезекте Бадам ауыл округіндегі қызыл сызықтардың сақталуы, заңсыз құрылыс нысандары мен геопорталға енгізілмеген объектілердің жай-күйі қаралды. Бұл мәселелер бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Болат Әбішов пен Бадам ауыл округінің әкімі Нұрлан Байбахов баяндама жасады.
Аудан әкімі заңсыз құрылыстарға жол бермеу, жер заңнамасының талаптарын қатаң сақтау және барлық нысандарды цифрлық жүйеге енгізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды жауапты тұлғаларға міндеттеді.
Жиында Бадам ауыл округіндегі көше жарықтандыру жүйесінің жағдайы, балалар ойын және спорт алаңшаларының жай-күйі, сондай-ақ егілген жасыл желектерді күтіп-баптау мәселелері де кеңінен талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков баяндама жасап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Мәжіліс барысында облыс және аудан әкімдерінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы, «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы, күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын материалдардың сапасы және қоғамдық-саяси ахуал мәселелері де қаралды.
Жиын қорытындысында аудан басшысы жауапты бөлім басшылары мен ауыл округі әкімдеріне берілген тапсырмалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді, әрбір мәселені жеке бақылауда ұстап, нәтижеге бағытталған жұмысты күшейтуді тапсырды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі