
Ордабасы ауданында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияздың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиында аудандық «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2026 жылдың І жартыжылдығында атқарған жұмыстары сараланып, кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің, суицидтің, құқықбұзушылық пен қылмыстың, сондай-ақ түрлі оқыс оқиғалардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан профилактикалық шаралардың нәтижелері қаралды.
Отырыс барысында балалардың құқықтарын қорғау, олардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Әсіресе, жазғы демалыс кезеңінде су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау, ата-аналардың жауапкершілігін күшейту және профилактикалық түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізу қажеттігіне баса назар аударылды.
Комиссия мүшелері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар енгізіп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Жиын қорытындысында қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.