ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ ҰЛТТЫҚ СПОРТ КЛУБЫНЫҢ СПОРТШЫСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ

ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ ҰЛТТЫҚ СПОРТ КЛУБЫНЫҢ СПОРТШЫСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ


🔱 2026 жылғы 24–25 маусым күндері Түркістан қаласындағы атшабарда 2006–2008 жылы туған жастар арасында аударыспақ спортынан Түркістан облысының чемпионаты ұйымдастырылды.
🔱 Дүбірлі дода қазақтың ұлттық ойындарын кеңінен насихаттауға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға, ұлттық ат спортын дамытуға, спортшылардың шеберлігін шыңдауға және Түркістан облысының құрама командасын Қазақстан чемпионатына іріктеуге бағытталды.
🔱 Облыстық чемпионатқа Ордабасы аудандық ұлттық спорт клубынан бес спортшы қатысып, аудан намысын абыроймен қорғады. Нәтижесінде екі спортшымыз жүлделі орынға ие болып, біреуі күміс🥈, екіншісі қола медальді🥉 қанжығасына байлады.
🔱 Жарыс ережесіне сәйкес, облыс чемпионатында І және ІІ орын иеленген спортшылар ғана Қазақстан чемпионатына жолдама алады. Осылайша күміс жүлдегеріміз алдағы республикалық чемпионатта Түркістан облысының намысын қорғайтын болады.
🔱 Айта кетейік, Ордабасы аудандық ұлттық спорт клубы 2025 жылдың желтоқсан айында Шұбарсу ауылдық округінде ашылған. Қазіргі таңда клубта ұлттық спорттың сегіз түрі – аударыспақ, теңге ілу, қазақ күресі, жекпе-жек, асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату және жамбы ату бойынша жас спортшылар тұрақты түрде жаттығып келеді.
🔱 Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ат үстінен аударып түсіруге негізделген қазақтың көне ұлттық ат спорты. Бұл сайыс күш пен ептілікті, батылдық пен төзімділікті талап етеді. Кезінде жауынгерлердің әскери дайындығын шыңдаған ұлттық ойын бүгінде мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа серпін алып, еліміздің түкпір-түкпірінде қарқынды дамып келеді.
Жас спортшыларымыз бен олардың жаттықтырушыларын жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Алдағы Қазақстан чемпионатында жеңісті жолдары жалғасып, ел абыройын асқақтата берулеріне тілектеспіз!
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі