ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТІЛДІ

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТІЛДІ

🔱 Аудандық мәдениет үйінде Қазақстан полициясының құрылғанына 34 жыл толуына орай салтанатты мерекелік іс-шара өтті.
🔱 Жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бағдаулет Жұмабеков, аудан прокуроры Жасұлан Қонарбаев, аудандық Сот әкімшісінің басшысы Сәкен Байменов, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
🔱 Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Іс-шара барысында аудандық полиция бөлімінің қызметі туралы арнайы бейнеролик көрсетіліп, қызметтік міндетін атқару барысында қаза болған және өмірден өткен әріптестердің рухына тағзым ретінде бір минут үнсіздік жарияланды.
🔱 Мерекелік шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Азат Оралбаев қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің жұмысына жоғары баға беріп, бірқатар тәртіп сақшысын аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
🔱 Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Бағдаулет Жұмабеков, аудан прокуроры Жасұлан Қонарбаев және аудандық Сот әкімшісінің басшысы Сәкен Байменов кәсіби мерекемен құттықтап, өз міндетіне адал қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлеріне марапаттар табыстады.
🔱 Мерекелік жиын барысында Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бұйрығымен бірқатар қызметкерлерге кезекті арнайы атақтар берілді. Атап айтқанда, полиция аға лейтенанттары Шыңғыс Жора мен Азат Салхимовқа «Полиция капитаны» атағы табысталса, Мейіржан Сейлыханов пен Айдар Тәжибаевқа «Полиция кіші сержанты» арнайы атағы берілді.
🔱 Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нүркен Сарыпбеков жеке құрамды кәсіби мерекемен құттықтап, ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі полиция қызметінің ерекше жауапкершілігіне тоқталды. Сонымен қатар қызметтік міндеттерін үлгілі атқарған қызметкерлер, бөлімнің кіші қызметкерлері мен ішкі істер органдарының ардагерлері бөлім бастығының Алғыс хаттарымен марапатталды.
🔱 Мерекелік жиында сала ардагерлеріне де айрықша құрмет көрсетіліп, құқық қорғау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлес қосқан аға буын өкілдерінің еңбегі ерекше аталып өтті.
🔱 Тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесіне арналған бұл тағылымды жиын заң мен тәртіпке қызмет етудің мәртебесін айшықтап, ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігі жолында қызмет атқарып жүрген полицейлерге деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.