
🔹Ордабасы ауданында аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан аумағында іске асырылып жатқан және жоспарланған инвестициялық жобалардың инвесторлары, жауапты бөлім басшылары мен сала мамандары қатысты.
🔹Кездесудің негізгі мақсаты – инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын пысықтау, инфрақұрылымдық және өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстарды жандандыру болды.
🔹 Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлікті қолдау және бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
🔹 Отырыс барысында аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі инвестициялық жобалардың орындалу барысы қаралды.
Атап айтқанда, Бадам ауылдық округінде орналасқан «Nur Group» ЖШС алюминий композиттік панельдер өндірісін іске асыруда. Құны 5 млрд теңгені құрайтын жоба жылына 1,2 млн шаршы метр өнім өндіруге бағытталған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталу сатысында. Бір өндірістік желіні іске қосу жұмыстары жүргізілсе, екінші желі Қытай Халық Республикасында құрастыру кезеңінде. Сонымен қатар кәсіпорынды газ, су және электр желілеріне қосу мәселелері пысықталуда.
🔹«Бадам» индустриалды аймағында «Kazplast Corporations» ЖШС пластик өнімдерін өндіру жобасын жүзеге асыруда. Жобаның құны – 520 млн теңге. Жылдық өндірістік қуаттылығы 1,2 млн метр өнімді құрайтын кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінде инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.
🔹Сондай-ақ «Qagazprom» ЖШС макулатура мен қағаз өнімдерін қайта өңдеу жобасын жүзеге асырып жатыр. Ал «Bolashak-Bal» ЖШС корпустық жиһаз өндірісін жолға қою бағытында құрылыс жұмыстарын жүргізіп, өндірістік жабдықтарды орнату кезеңіне өтті.
🔹Өнеркәсіп саласындағы маңызды жобалардың бірі- «Югстройтехнология» ЖШС жүзеге асырып жатқан газобетон блоктары мен ішкі қабырға плиталарын өндіру жобасы. Құны 2,2 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 80 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізіліп, өндірістік жабдықтарды кедендік рәсімдеу процесі қолға алынған.
Сонымен қатар «Карьер Табыс» ЖШС автоматтандырылған қыш зауытын толық іске қосып, сынақтық өнім шығару кезеңіне өтті. Ал «Нұр-Ерлан» шаруа қожалығы 5 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңын іске асыруда.
🔹 Жиын қорытындысында аудан басшысы инвестициялық жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер қатынастары және техникалық шарттарға қатысты өзекті мәселелерді жедел шешу жөнінде жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
🔹Аталған жобалардың жүзеге асырылуы ауданның өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі