
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай аудандық Мәдениет үйінде «Зұламат жылдар ұрпақтар есінде» атты тағылымды еске алу кеші өтті.
Тағылымды жиынды “Ордабасы оттары” газетінің редакторы Нүриддин Шәмшіұлы жүргізіп, зұлмат жылдардың тарихи сабағы мен жазықсыз жазаланған боздақтардың тағдыры кеңінен әңгіме арқауына айналды.
Іс-шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов ел басына түскен ауыр кезеңдерді ұмытпау – кейінгі ұрпақтың қасиетті міндеті екенін атап өтті.
Сонымен қатар, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған азаматтың ұрпағы О. Үндемесов әкесінің өмір жолына қатысты жүрек тебірентер естеліктерімен бөлісіп, өткен тарихқа құрметпен қарау – әрбір ұрпақтың перзенттік парызы екенін жеткізді. Ардагер Лесбек Жүсіп нәубет жылдардың тағылымы мен ел бірлігінің қадір-қасиеті жайында тағылымды ой қозғады.
Кездесу барысында арнайы дайындалған еске алу бейнеролигі көрсетіліп, аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері тақырыпқа сай өлең шумақтарын оқыды. Сондай-ақ, өнерпаздар жүрекке жетер ән-күй орындап, кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Жазықсыз құрбан болған арыстарды еске алып, олардың өнегелі өмір жолын ұрпақ санасына сіңіру – Тәуелсіз елдің қасиетті парызы.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі