«БАЛА ӨМІРІ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ» ТАҚЫРЫБЫНДА АТА-АНАЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ

«БАЛА ӨМІРІ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ» ТАҚЫРЫБЫНДА АТА-АНАЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Ордабасы ауданы әкімдігі, аудандық прокуратура мен аудандық білім бөлімінің бірлесуімен «Бала өмірі – басты құндылық» атты тақырыбында ата-аналар форумы өтті.
Аудандық Мәдениет үйінде өткен мазмұнды шараға аудан тұрғындары, ата-аналар, білім беру ұйымдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және қоғам белсенділері қатысты.
Форумның басты мақсаты – жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-ананың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру және өскелең ұрпақ тәрбиесіне ортақ мүдде тұрғысынан қарау.
Іс-шара барысында оқушылардың шығармашылық еңбектері көпшілік назарына ұсынылып, «Болашақ прокурорлар клубының» жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ өнерлі жастардың сахналық қойылымы мен концерттік бағдарламасы көрермендерге ұсынылды.
Жиын аясында бала тәрбиесі мен отбасы институтының қоғамдағы орны, жасөспірімдердің қауіпсіздігі, психологиялық қолдау мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалып, жан-жақты талқыланды.
Форумға Түркістан облысы прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов, аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш, Ғани Райымбеков, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова, облыстық Бала құқықтарын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Балмаржан Нарбекова, кәсіби отбасылық психолог Ержан Мырзабай, PhD доктор, доцент Салтанат Асанова, сондай-ақ білім бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Ердос Абишев қатысты.
Кездесу барысында сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, ата-аналар тарапынан қойылған сауалдарға тұшымды жауап берді. Ашық пікір алмасу алаңы қоғам мен мамандар арасындағы байланысты нығайтып, ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға жол ашты.
Форум қорытындысында бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді бірлесе шешу, отбасы мен білім беру ұйымдарының өзара ынтымақтастығын күшейту, сондай-ақ жас ұрпақтың жарқын болашағына бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыру қажеттігі аталып өтті.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі