ҰЛЫ ЖЕҢІС – ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ, ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

ҰЛЫ ЖЕҢІС – ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ, ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

4 жылға созылған қанды майданда от кешіп, кеудесін оққа тосқан ардагерлердің ерлігі — ел жадында мәңгі сақталатын өшпес тарих. Соғыс зардабы адамзатқа орны толмас қасірет әкелсе, батыр бабаларымыздың жанқиярлығы мен отансүйгіштік рухы бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік өнеге, қасиетті аманат болып қала бермек.
Ордабасы ауданының орталық саябағында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты салтанатты мерекелік іс-шара болып өтті.
Тағылымы терең, рухы асқақ шарада ел қорғаған ерлердің ерлігі ұлықталып, Отан үшін жанын қиған батыр бабалардың рухына тағзым жасалды.
Елдік пен бірлікті дәріптеген мерекелік жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, тыл ардагерлері, ауған соғысының ардагерлері, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты шара барысында Саз колледжінің үрмелі аспаптар оркестрі патриоттық шығармаларды орындап, кештің рухын асқақтатты. Сонымен қатар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Бақдәулет Ташпулатов аудан әкіміне салтанатты түрде рапорт берді.
Шара барысында сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында ерлік көрсеткен боздақтар бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Аудан әкімі Азат Оралбаев жиналған жұртшылықты қос мерекемен құттықтап, Ұлы Жеңіс — батыр бабалардың қанымен, аналардың көз жасымен келген қасиетті жеңіс екенін атап өтті. Өз сөзінде аудан басшысы майдангерлердің қайсарлығы мен тыл ардагерлерінің ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын айтып, бүгінгі бейбіт өмір мен тәуелсіз елдің берік тұғыры сол буынның жанқияр ерлігінің арқасында қалыптасқанын жеткізді.
Сонымен қатар ел тыныштығы мен бірлігін сақтау — баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухты сіңірудің маңыздылығына тоқталды. Ардагерлерге көрсетілген құрмет — тарихқа тағзым мен елдік рухқа деген адалдықтың айқын көрінісі екенін жеткізді.
Мерекелік кеш барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары соғыс жылдарындағы ауыр кезеңдерді бейнелеген театрландырылған көріністер мен қазақы әуендерге ұласқан мазмұнды концерттік бағдарлама көрермендерге ұсынылды.
Концерттік шарадан кейін арнайы дастархан жайылып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың рухына құран бағышталды. Сондай-ақ ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ұлы Жеңіс — батыр бабаларымыздың қайсар рухы мен Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің мәңгілік символы. Ер есімі — ел жадында, ерлік рухы — ұрпақ жүрегінде мәңгі сақтала бермек.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі