
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, ауыл округі әкімдері және тиісті бөлім басшылары қатысты.
Комиссия отырысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құрылыс саласындағы заңдылықтардың сақталуы мәселелері қаралды. Атап айтқанда, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті арттыру, бейнебақылау жүйелерін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын заң талаптарына сай жүргізу бағытындағы жұмыстар сараланды.
Күн тәртібіне сәйкес, аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Руслан Мейірбеков, аудандық «Отбасын қолдау орталығы» КММ директоры Асылбай Ыдырысов және аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Болат Алишев атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Жиын барысында аудан басшысы өңірдегі құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешудің нақты жолдарын айқындады. Сонымен қатар, жауапты сала басшылары мен ауыл округі әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиын қорытындысы бойынша құқық бұзушылық профилактикасын күшейту және салааралық өзара іс-қимылды арттыру бағытында нақты міндеттер белгіленді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі