БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ – КӨКТЕМГІ ДАЛА ЕҢБЕГІ

БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ – КӨКТЕМГІ ДАЛА ЕҢБЕГІ

Ауданда көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде. Биыл жалпы 71,2 мың гектар егістік алқапты игеру межеленген. Оның ішінде күздік егіс көлемі 26,3 мың гектарды құраса, жаздық дақылдар 33,0 мың гектарға орналастырылмақ.
Қазіргі таңда жаздық дақылдар 28,0 мың гектар алқапқа егілді, бұл жоспардың 84 пайызға орындалғанын көрсетеді. Бұл – шаруалардың уақытты тиімді пайдаланып, науқанды ұйымшылдықпен атқарып жатқанын аңғартады.
Егіс алқаптарында ауыл шаруашылығы дақылдары әртараптандырылып орналастырылуда. Атап айтқанда, дәнді дақылдар 3,8 мың гектарды, майлы дақылдар 5,4 мың гектарды, мақта 5,3 мың гектарды қамтыды. Сонымен қатар, жаңа жоңышқа 2,8 мың гектарға себіліп, бұрынғы жоңышқа алқаптары 11,8 мың гектарды құрап отыр. Картоп, көкөніс және бақша дақылдары 5,2 мың гектарға орналастырылды.
Көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізуде мемлекеттік қолдау шараларының маңызы зор. Осы орайда, «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында аудан бойынша 265 жоба қаржыландырылып, шаруалардың көктемгі науқанды алаңсыз өткізуіне мүмкіндік жасалды.
Минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету де кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл 71,2 мың гектар алқапқа 16,2 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Бүгінгі күні шаруалар 4,0 мың тоннаға жуық тыңайтқыш сатып алып, егістік алқаптарда қолдануда.
Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда 13 шаруа қожалығы жалпы аумағы 2 450 гектар алқапта су үнемдеу технологияларын пайдаланып, бидай, көкөніс және бақша дақылдарын өсіруде.
Жалпы, ауданда көктемгі дала жұмыстары жүйелі жүргізіліп, берекелі өнім алуға берік негіз қалануда. Дала төсіндегі тынымсыз еңбек – ертеңгі молшылықтың кепілі.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі