АУДАНЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

АУДАНЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін аудан аумағында іске асырылуы жоспарланған инвестициялық жобаларға арналған инвестициялық штаб отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев төрағалық етті.

Отырысқа аудан әкімінің орынбасарлары, салалық бөлім басшылары, ауыл округі әкімдері, мердігер ұйым өкілдері, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан аудан әкімі Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдау және шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беру жөніндегі тапсырмаларына тоқталып, аудан көлемінде инвестициялық жобаларды жүйелі сүйемелдеу маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, әкімшілік кедергілерді азайту, рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану – басты міндеттердің бірі екені айтылды.

Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша аудан аумағында қызметін жүзеге асырып жатқан, алайда басқа өңірлерде тіркелген кәсіпорындарды Ордабасы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында тіркеу мәселесі талқыланды. Бұл бағытта бірқатар кәсіпорын өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Екінші мәселе аясында 2026 жылы аудан аумағында іске асырылуы жоспарланған инвестициялық жобалардың иелері тыңдалды.

Кәсіпкерлер өз жобаларының бағыттары, қуаттылығы, экономикалық тиімділігі және жұмыс орындарын ашу мүмкіндіктері туралы баяндады. Жиын барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.

Аудан басшысы барлық көтерілген мәселелер бақылауға алынатынын жеткізіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі