
Бүгінде Қазақстан Республикасы су секторын реформалау бағытында стратегиялық тұрғыдан негізделген және жүйелі тәсілді ұстанып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалып, еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Осыған орай, Түркістан облысында аталған бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тарапынан тұрақты бақылауға алынып, аудан және қала әкімдіктері деңгейінде нақты шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, ауызсу инфрақұрылымын дамыту, инженерлік желілерді жаңғырту және халықтың ауызсуға қолжетімділігін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Аталған міндеттерді тиімді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы мен Израиль мемлекеті арасындағы өзара ынтымақтастық нығайтылуда. Осы ретте Израильдің ұлттық су компаниясы “Mekorot” басшылығы мен мамандары Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен келіп, ауызсу жүйелерінің жай-күйін зерттеу және зерделеу жұмыстарын бастады. Бұл халықаралық тәжірибені енгізу арқылы су ресурстарын басқарудың тиімді моделін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Сапар барысында аудан аумағындағы ауызсу саласына жауапты «Таза су» мекемесінің басшылығымен кездесу өткізіліп, қолданыстағы жүйелердің техникалық жай-күйі, өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды. Сонымен қатар, инфрақұрылымды жаңғырту, су шығынын азайту және басқару тиімділігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар қарастырылды.
Айта кету қажет, аталған бастамалар инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылып, су ресурстарын басқарудың сапалы жаңа моделін қалыптастыруға негіз қалайды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай жүйелі шаралар ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыстар өңірде заманауи, тұрақты және тиімді ауызсу жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына оң ықпал етеді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі