
Қасиетті сөздің киесін ту еткен, «Ордабасы оттары» газетінің бас редакторы, қаламы қарымды, ойы зерделі Шәмшіұлы Нүридіннің мерейі үстем болып, абыройы асқақтады.
Ол Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне өтіп, әдеби ортадағы беделі мен шығармашылық еңбегі жоғары бағаланды. Бұл мәртебе – оның жылдар бойғы тынымсыз ізденісі мен маңдай терінің, ел руханиятына сіңірген ерен еңбегінің айқын айғағы.
Нүридін Шәмшіұлы – сөз қадірін терең түйсінген, ұлт мұратына адал қызмет етіп келе жатқан сырбаз қаламгер. Оның әңгімелері мен деректі хикаяттары талай оқырманның жүрегіне жол тауып, санасына сәуле құйып келеді. Қай кезде де парасат биігінен көрініп, баспасөздің байрағын биік ұстап, қарашаңырақ редакцияның абыройын арттыру жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Осы қуанышты сәтке орай аудан әкімі Азат Оралбаев пен Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалы директоры Айдар Сейдазым арнайы келіп, қаламгерді құттықтап, сый-сияпат жасап, марапатын табыстады. Осылайша жазушы еңбегіне зор құрмет пен ілтипат көрсетілді.
Бұл игі жетістік – бүтін бір шығармашылық ұжымның еңсесін тіктеген, мерейін өсірген қуанышты белес. Осындай абыройлы асудан асу үлкен жауапкершілік жүгін де арқалатары анық.
Нүридін Шәмшіұлына қаламының сиясы сарқылмай, ойының нәрі ортаймай, ұлт руханиятына қосар үлесі еселене беруіне тілектестік білдіреміз.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі