ҚҰРЫЛЫС ПЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

ҚҰРЫЛЫС ПЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

Аудан әкімі Азат Оралбаев аудан көлемінде жүргізіліп жатқан бірқатар маңызды нысандарды аралап, құрылыс және инфрақұрылым жұмыстарының барысын қадағалады. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобалардың орындалу деңгейіне ерекше назар аударды.

Алдымен аудан әкімі Темірлан ауылындағы Самал мөлтек ауданында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңына барды. Мұнда мердігер мекемелердің жұмыс қарқыны, құрылыс сапасы, белгіленген мерзімдердің сақталуы жан-жақты сараланды. Жауапты тұлғаларға құрылыс барысында сапаға басымдық беріп, тұрғын үйлердің талапқа сай пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, болашақ тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін абаттандыру, жол, жарықтандыру мәселелері де назардан тыс қалмауы керектігін атап өтті.

Одан кейін Темірлан ауылындағы кәріз жүйесі жұмыстарының барысымен танысты. Аталған жоба – елді мекеннің санитарлық жағдайын жақсартып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба. Жауапты сала мамандары атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, жобаның кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде аяқтаудың маңыздылығын қадап айтты.

Жұмыс сапарының келесі бағыты Қажымұқан ауылдық округіндегі тұқымбақ болды. Мұнда Азат Оралбаев көгалдандыру және жасыл аймақтарды дамыту мақсатында өсіріліп жатқан көшеттердің жай-күйімен танысты. Тұқымбақтағы өсімдіктердің күтімі, суару жүйесі, көшеттердің сапасы мен саны талқыланды.

Жалпы, аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан әрбір жоба – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Осыған орай, аудан басшысы жауапты мекемелерге жүйелі тапсырмалар жүктеп, барлық жұмыстардың орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі