
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы, бөлім басшылары мен ауыл округі әкімдері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, ең алдымен ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Нұрболат Бердімұратов көктемгі дала жұмыстарына дайындық пен оны ұйымдастыру барысы туралы баяндады. Аталған мәселе бойынша аудан басшысы ауыл шаруашылығы жұмыстарын үйлестіруде жаңашылдық енгізіп, егістік көлемін арттыруды, заманауи тәсілдерді тиімді қолдануды тапсырды.
Келесі кезекте аудандық аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева бюджет қаржысының атқарылуы және индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы туралы баяндама жасады. Аудан әкімі бұл бағытта нақты нәтижеге қол жеткізу маңызды екенін атап өтіп, кейбір салаларда индикаторлық көрсеткіштердің төмендеуіне жол бермеуді қатаң тапсырды. Сонымен қатар, әрбір сала бойынша шынайы әрі нақты ақпарат ұсыну қажеттігін ескертті.
Жиында сондай-ақ көктемгі тал егу жұмыстары мен оның өнімділігі туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаковтың есебі тыңдалды. Бұл бағытта елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігі аталып өтті.
Сонымен қатар, қосымша мәселелер аясында қоғамдық-саяси ахуал, көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық барысы және «Таза Қазақстан» акциясының орындалуы қаралды.
Аудан әкімі жиын қорытындысында санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі әрі жедел ұйымдастыруды тапсырып, барлық сала басшыларына жауапкершілікті күшейтуді жүктеді. Әрбір бағыт бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу – басты міндет екенін ерекше атап өтті.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі