
⚜️Ордабасы ауданында Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесі кең көлемде, жоғары деңгейде аталып өтті.
⚜️Көктемнің жаңаруын, береке мен бірлікті айшықтайтын бұл мерекелік шараға 5000-нан астам аудан тұрғыны мен қонақтар қатысып, ұлттық рух пен дәстүрдің салтанатын бірге сезінді.
⚜️Салтанатты іс-шара барысында қолөнер көрмелері, ұлттық спорт ойындары, тарихи-танымдық экспозициялар ұйымдастырылып, кәсіп иелерінің өнімдері мен ұлттық тағам түрлері көпшілік назарына ұсынылды.
⚜️Шара аясында республикалық және аудандық өнерпаздар сахна төрінде өнер көрсетіп, қазақтың бай мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын насихаттады. Наурыз мейрамының мән-мағынасын айшықтайтын театрландырылған қойылым көрермен назарына ұсынылып, халқымыздың тарихы мен дәстүрі көркем түрде бейнеленді.
Мереке барысында ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер тігіліп, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен таныстырылды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Алтыбақан құрылып, жиналған көпшілікке наурыз көже таратылды.
⚜️Аталған іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен ынтымағының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін жеткізді.
⚜️Әз-Наурыз – татулық пен жаңарудың, ізгілік пен мейірімділіктің мерекесі.
⚜️Ордабасы жұртшылығы бұл күнді ерекше ықыласпен қарсы алып, ұлттық рухты ұлықтаған мазмұнды іс-шара арқылы дәстүр сабақтастығын тағы бір мәрте айқындады.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі