
⚜️Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұлттық рухты жаңғыртуға бағытталған республикалық «Балуан тас» экспедициясының алғашқы күні Сайрам және Ордабасы аудандарында өтті. Экспедицияны «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы ұйымдастырып отыр. Жобаның авторы әрі топ жетекшісі – күш мәдениетін зерттеуші ғылыми қызметкер, академия президенті Абылайхан Қалназаров. Жүзеге асып жатқан бұл тағылымды жоба – «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» мәдени-танымдық бастамасының маңызды бөлігі.
⚜️Сапарға арнайы іріктелген ғалымдар, спортшылар, журналистер мен блогерлер қатысуда. Спортшылар тобына белгілі балуан Арман Сүлеймен жетекшілік етуде.
⚜️Экспедиция барысында қатысушылар Сайрамдағы тарихи-рухани орындарды аралап, көне Балуан тастарды зерттеп, олардың мән-маңызын зерделеді. Ал Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлы кесенесіне зиярат етіліп, ұлы палуанның ұрпақтары сақтаған құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.
⚜️Сондай-ақ Ордабасыдағы Қажымұқан атындағы мәдени-спорт кешенінде «Күш лекциясы» өткізіліп, ұлттық күш мәдениетінің терең философиясы мен тарихи сабақтастығы кеңінен насихатталды.
⚜️Нәтижесінде «Қазақ күшінің картасына» жаңа нысандар енгізіліп, ұлттық мұраны жүйелеу бағытында маңызды қадам жасалды.
⚜️Айта кетейік, экспедиция 21 наурызға дейін жалғасып, өңірдің бірқатар аудандарын қамтитын болады. Бұл жоба – ұлт рухын асқақтатып, жас ұрпақты тарих пен дәстүрге құрметпен қарауға үндейтін игі бастама.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі