
Аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Маңызды мәселелер қаралған жиын Наурызнама онкүндігімен тұспа-тұс келіп, ұлттық құндылықтармен үйлесім тапқан ерекше форматта ұйымдастырылды.
Жиынға қатысқан мемлекеттік қызметкерлер Наурызнама аясындағы Ұлттық киім күніне орай қазақы нақыштағы ұлттық киімдер киіп келді. Бұл әрбір қызметкердің ұлттық дәстүрге деген құрметі.
Күн тәртібіне сәйкес, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының І тоқсандағы күтілетін көрсеткіштері, Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралардың өткізілу барысы, сондай-ақ 2026 жылы жүзеге асырылатын жұмыстардың жоспарлары мен негізгі бағыттары кеңінен талқыланды. Баяндамашылар өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді нақтылап өтті.
Аудан әкімі жиын барысында әрбір бағыттың маңыздылығына ерекше назар аударып, тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Әсіресе, көктемгі кезеңдегі тазалық, абаттандыру жұмыстары, «Таза Қазақстан» акциясы, көктемгі дала жұмыстары мен әскерге шақыру науқаны секілді өзекті мәселелер назардан тыс қалмады.
Жиын қорытындысында тиісті бөлімдер мен ауыл округі әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы жүйелі түрде бақылауға алынатыны ескертілді.
Салт пен сананы сабақтастырған ұлттық нақышта өткен бұл жиын – іскерлік пен руханияттың үйлесім тапқан көрінісі болды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі