
⚜️Наурыз – жаңару мен жақсылықтың, береке мен бірліктің бастауы. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, ұрпақ сабақтастығын дәріптеу – халқымыздың асыл мұраты. Ауданымызда Наурызнама онкүндігі аясында мұндай мағыналы шаралар кеңінен аталып өтуде.
⚜️16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай аудан орталығындағы «Самұрық» аллеясында ерекше әрі мағыналы іс-шара ұйымдастырылды. Онда бір мезетте 50 бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, көпшіліктің куәсі болған әсерлі рәсім өтті.
⚜️Іс-шара барысында аудан әкімі Азат Оралбаев, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұркен Сарыпбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостан Жәкей, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер салт-дәстүрге сай бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ баталарын берді. Олар ата-аналарға ізгі тілектерін айтып, балалардың болашағы жарқын, қадамы нық болуына тілектестігін білдірді.
⚜️Қазақ халқы үшін тұсаукесер – бала өміріндегі маңызды әрі тамыры терең дәстүрлердің бірі. Бұл рәсім баланың өмір жолы ашық, қадамы берік, болашағы жарқын болсын деген ізгі ниеттен туған. Ата-аналар мен жиналған көпшілік бүлдіршіндерге ақ тілектерін арнап, олардың елге қызмет ететін азамат болып өсуіне тілектестік білдірді.
⚜️Салтанатты шара барысында ұлттық ән-күй шырқалып, қазақы салт-дәстүрлер кеңінен дәріптелді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткен бұл тағылымды рәсім көпшілікке ерекше әсер сыйлап, мерекелік думанның сәнін арттырды. Сонымен қатар мұндай игі шаралар жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттауға бағытталды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі