КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Ауданда көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы мен ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Жиын Бөржар ауыл округіндегі мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков төрағалық етті.

Кездесудің басты мақсаты – шаруаларға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қолдау тетіктерін кеңінен түсіндіру, сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын сапалы ұйымдастыруға бағытталған мүмкіндіктер туралы ақпарат беру.
Жиынға аудандық фермерлер одағының төрағасы Ермекбай Сәтенов, қаржы ұйымдарының өкілдері, су үнемдеу технологияларын орнатумен айналысатын компаниялар, агродрон және ауыл шаруашылығы техникаларын жеткізуші кәсіпорындардың мамандары қатысты. Сондай-ақ Бадам, Бөржар, Шұбар, Қараспан, Қажымұхан ауыл округтерінің жауапты мамандары мен агроқұрылым жетекшілері, мақта шаруашылығымен айналысатын шаруалар жиналды.

Кездесу барысында қаржы ұйымдарының өкілдері көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге арналған жеңілдетілген несиелер, ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған субсидиялар мен қаржыландыру тетіктері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, жиында су тапшылығы мәселесін ескере отырып, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізудің маңыздылығы айтылды. Бұл бағытта заманауи тамшылатып суару жүйелері, оларды орнату мен пайдаланудың тиімді жолдары таныстырылып, мемлекет тарапынан қарастырылған субсидиялар туралы мәлімет берілді.

Бұдан бөлек, агродрондарды қолданудың артықшылықтары, егістік алқаптарына тыңайтқыш пен химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізудегі тиімділігі таныстырылды. Ауыл шаруашылығы техникаларын жеткізуші компаниялар да шаруаларға заманауи техникалардың мүмкіндіктері мен лизингтік жолмен алу тәсілдерін түсіндірді.

Жиын барысында шаруалар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.
Мұндай кездесулер ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген шаруаларға жаңа мүмкіндіктерді таныстырып, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалануға жол ашатыны атап өтілді.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі