КӨКТЕМ ШУАҒЫМЕН ӘСПЕТТЕЛГЕН МЕРЕКЕ: АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДА 8 НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ «ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫ – АНА» АТТЫ САЛТАНАТЫ ШАРА ӨТТІ

КӨКТЕМ ШУАҒЫМЕН ӘСПЕТТЕЛГЕН МЕРЕКЕ: АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДА 8 НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ «ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫ – АНА» АТТЫ САЛТАНАТЫ ШАРА ӨТТІ

⚜️Бүгін аудандық Мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әлемнің жарығы – Ана» атты салтанатты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Көктемнің шуағымен астасқан бұл кеш аналар мен аруларға деген құрмет пен ризашылыққа толы әсерлі сәттерге ұласты.
⚜️Мерекелік кештің шымылдығы «Бәйтерек» би тобының орындауындағы әсем «Тойбастар» биімен түріліп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Салтанатты жиынды жүргізушілер жүрекжарды лебізбен ашып, көктем мерекесінің мән-маңызына тоқталды.
⚜️Аудан әкімі Азат Оралбаев нәзік жандыларды төл мерекесімен құттықтап, қоғамдағы орны мен еңбектерін ерекше атап өтті. Аналардың отбасы берекесі мен ел дамуына қосып жүрген үлесіне тоқталды. Аудан басшысы аналар мен аруларға зор денсаулық, шаңырақтарына бақ-береке, еңбектеріне табыс тіледі.
⚜️Салтанатты кеш барысында аудандық мәслихат төрағасы Бақләулет Жұмабеков те құттықтау сөз сөйлеп, аналардың мейірімі мен тәрбиесінің қоғамдағы орны айрықша екенін атап өтті.
⚜️Мерекелік бағдарлама аясында өнерпаздар әсем ән мен биден шашу шашты. «Көктем вальсі» композициясы, эстрадалық әндер, «Қыздар-ай», «Не забывай», «Мен нағыз махаббатты армандаймын» секілді әндер орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ «Шаттық» би ансамблінің өнері кештің көркін аша түсті.
⚜️Кештің әсерлі сәттерінің бірі – мәдениет үйінің өнерпаздары орындаған «Анаға хат» атты финалдық композиция болды. Бұл туынды аналарға деген шексіз құрмет пен перзенттік алғыстың символына айналып, залдағы көрермендердің жүрегіне ерекше әсер қалдырды.
⚜️Жалпы, «Әлемнің жарығы – Ана» атты мерекелік кеш – аналар мен аруларға деген шынайы құрметтің, мейірім мен ізгіліктің жарқын көрінісі болды. Көктем мерекесі аудан тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлап, аналарға деген алғыс пен ілтипатты тағы бір мәрте айқындай түсті.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі