
✔️Ауданымыздағы аумағы кең округтің бірі Бадам елді мекенде бұрын-соңды мәдениет үйі болмағаны – тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті мәселенің бірі еді. Аумақ жұртшылығы аудан әкімі Азат Оралбаевпен кездесулер барысында осы түйткілді ашық айтып, мәдениет ошағын салу жөнінде өтініш білдірген болатын. Бүгінде сол ұсыныс нақты іске айналып, Бадамда мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы қарқынды жүргізілуде.
✔️Жалпы конкурстық құны 588,7 миллион теңгені құрайтын нысан 2025–2026 жылдары пайдалануға берілмек. Құрылыс жұмыстарын «ST-Service KZ» ЖШС мердігер мекемесі атқаруда. Техникалық қадағалауды «Ivision Build» ЖШС, ал авторлық қадағалауды «Архстрой-2005» ЖШС жүзеге асыруда.
Бұл ауылдың рухани тынысын кеңейтетін, жас ұрпақтың шығармашылығын шыңдайтын, аға буынның бас қосар ортақ ордасына айналатын орын болмақ. Құрылыс аяқталған соң Бадамдықтар мерекелік шараларды өз ауылында өткізіп, өнерлі өрендер сахнаға шығып, кітапқұмар қауым жаңа кітапхана төрінде бас қоса алады.
✔️Мәдениет нысанының жер көлемі – 1 гектар. Жалпы ауданы 959 шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат заманауи талаптарға сай бой көтеруде. Нысан 250 орындық болып жобаланған. Бірінші қабатта кең әрі жарық концерт залы, асхана және санитарлық тораптар орналасады. Ал екінші қабатта кітапхана, сурет үйірмесіне арналған бөлме және әкімшілік кабинеттер қарастырылған.
✔️Бүгінгі бұл құрылыс – ертеңгі рухани жаңғырудың кепілі. Бадам ауылында бой көтеріп жатқан мәдениет үйі – ауыл келбетіне көрік қосып қана қоймай, ел бірлігін бекемдейтін, руханияттың шамын жағатын құтты мекенге айналатынына сенім мол.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі