
Әр аймақтың тыныс-тіршілігіне жан бітіріп, қарапайым еңбектің қадірін арттырып жүрген жандар болады. Солардың бірі – жеке кәсіпкер, дизайнер, «Еңбегі жанған арулар» атты Республикалық төсбелгінің иегері Ләйлә Әбдімәжитқызы. Іскерлік пен табандылықты серік еткен ол өз кәсібін 2022 жылы небәрі 555 мың теңге көлеміндегі арнайы мемлекеттік грантпен бастап, кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8 000 000 теңге жеңілдетілген несие алып, ісін кеңейтіп, бүгінгі таңда шағын кәсіпкерліктің жарқын үлгісіне айналды.
Алғашқы қадам – арманға бастар жолдың басы ғана еді. Уақыт өте келе Ләйлә ханым заманауи тігін аппараттарын алып, өндіріс аясын ұлғайтты. Бүгінде оның шеберханасында көрпе мен көрпеше, матрац, төсеніштер, жастық сынды тұрмысқа қажетті бұйымдар дайындалады. Сондай-ақ сапалы мата, мақта және киім-кешек саудасы да жолға қойылған. Әр бұйымнан ұқыптылық пен жауапкершілік, ұлттық нақыш пен заманауи талғам үйлесімін аңғаруға болады.
Қазіргі таңда кәсіп иесі ауданның түкпір-түкпірінен келіп түсетін тұрғындар мен мекемелердің тапсырыстарын дер кезінде орындап, сенім үдесінен шығып келеді. Бұл – сапа мен адал еңбектің нәтижесі. Ең бастысы, Ләйлә Әбдімәжитқызы кәсібін жалға алынған орында емес, өз қаражатына ғимарат сатып алып, сол жерде дамытуды қолға алған. Осылайша жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Іскер келіншектің алға қойған мақсаты мұнымен шектелмейді. Болашақта өндіріс көлемін арттырып, жаңа қызмет түрлерін енгізіп, тігін саласын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Оның әр бастамасынан туған жерге деген жанашырлық пен кәсіпті дамытуға деген шынайы ниет сезіледі.
Түйіндей айтқанда, Ләйлә Әбдімәжитқызының еңбек жолы – табандылықтың, сенімнің және адал маңдай тердің жемісі.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі